СҚО полицейлері жүргізушілерді жолдардағы қауіпті учаскелер жайлы хабардар етеді
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жүргізушілерді жолдардағы қауіпті учаскелер жайлы хабардар етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер қыс мезгілінің басталуына байланысты жолдардағы қауіпті учаскелер туралы ескертті. Қар мен мұз көлікті басқаруды қиындатады, ал бұл жол-көлік апатына алып келуі мүмкін. Жылдамдықты асыруға рұқсат етілген қала сыртындағы жолдарда, дөңдерде, еңістерде, екінші дәрежелі жолдармен қиылыстарда, елді мекендерден шыға берістерде, орман жолға жақын орналасқан аумақтарда аса сақ болған абзал.
Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңыздағы жолдарда 10 айда 46 жол-көлік оқиғасы жасалып, 13 адам көз жұмды, 84 адам жарақаттар алды. Апаттардың басым бөлігі – Қызылжар ауданының жолдарында жасалған, олардың саны – 14. Аудандағы ең қауіпті учаскелер «Челябі – Новосібір» тас жолындағы Пеньково, Асаново, Метлишино, Токуши ауылдарының, сондай-ақ, Якорь, Соколовка, Красноярка, Желяково ауылдарының маңы, «Петропавл – Ишим» М-51 автожолымен (11-ші шақырымы) қиылыс.
– Облыс аумағында жүруге қолайлы учаскелер бар. Алайда бұл аумақтарда да облыстағы орташа көрсеткішке қарағанда жол-көлік оқиғалары жиі орын алып тұрады. Мұндай учаскелерге «Петропавл – Нұр-Сұлтан» жолының Қызылжар ауданындағы Чапаево, Трудовая Нива ауылдарының арасы, Аққайың ауданының Аралағаш ауылы маңы, «Петропавл – Жезқазған» трассасындағы Есіл ауданының Николаевка ауылы маңы кіреді. Бұл учаскелерде ауыл шаруашылық жануарлары жол үстіне шыға келуі мүмкін. Бұл жерлерде өте мұқият болған жөн, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Тәртіп сақшылары ҚР Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, жол үстінде қауіпті учаскелрде қойылған белгілерге әрдайым назар аударуға, әсіресе, қысқы жолдарда ерекше сақтықпен жүруге кеңес береді.