СҚО полицейлері жыл басынан 189 қару иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты
СҚО полицейлері жыл басынан 189 қару иесін әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер елімізде қаңтар айының басында бастау алған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуді жалғастыруда.
Учаскелік полиция инспекторлары барлық қару иелерін кезең-кезеңмен тексеріп, қару мен оқ-дәрілерін сақтау ережелерін, жағдайларын қарауда. Атыс қаруы – аса қауіпті құрал. Аталған жұмыс желісі Полиция департаменті басшылығының ұдайы бақылауында.
– «Қару» операциясына күн сайын 120-дан астам полиция қызметкері мен 31 мобильдік топ тартылады. Іс-шара басталғаннан тұрғылықты жері бойынша 3 881 қару иесі тексерілді. Оның 189-ы, атап айтсақ: 132-сі сатып алу, беру, тіркеу, сақтау, пайдалану және 25-сі қаруды тіркеу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қару айналымы саласына қатысы бар 81 заңды тұлға тексерілді, төрт әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Егер сіз тіркелмеген қару тауып алсаңыз немесе қару қайтыс болған туыстарыңыздан қалса, полицияның 102 нөміріне хабарласуға кеңес береміз. Полицейлер мекенжайға келіп, қаруды белгіленген тәртіпте алады. Қаруды өз еркімен тапсыру – егер адамның іс-әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
СҚО тұрғындары азаматтық қаруға қатысты барлық сұрақтары бойынша өз учаскелік полиция инспекторларына не жұмыс күндері тікелей СҚО ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының 8 (7152) 49-37-43, 49-32-34 нөмірлеріне хабарласа алады.
«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.