СҚО полицейлерінің командасы оқ атудан өткен республикалық Чемпионаттың жүлдегерлері атанды
СҚО полицейлерінің командасы оқ атудан өткен республикалық Чемпионаттың жүлдегерлері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карабиннен практикалық ату бойынша өткен Қазақстан Чемпионатында жалпыкомандалық есепте екінші орын иеленген офицерлер Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының аппараттық кеңесінде марапатталды.
Чемпионат 17-20 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында өтті. Қарудан жылдам оқ атуды және нысанаға дөп тигізуден шеберліктерін еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіби спортшылармен қатар күш құрылымдарының қызметкерлері де көрсетіп, бақ сынасты.
Сақшылар Калашников автоматын қолға алып, қысқа уақыт ішінде жылдам қимылдай отырып 10 кезеңде сынға түсті. 10-нан 300 метрге дейінгі қашықтыққа жүгіріп келе жатып ыңғайсыз жерлерден, тасалардан ату сияқты сайыстар өтті. Тапсырмалардың жылдам орындалу уақыты және нысанаға тигізу көрсеткіштері есепке алынды.
Чемпионат нәтижесі бойынша солтүстікқазақстандық полицейлердің командасы екінші орынды иеленді. Бірінші орын ҚР ІІМ-нің, ал үшінші орын Нұр-Сұлтан қ. Полиция департаментінің командасында.
Өңірге келісімен СҚО ПД қызметкерлері медальдармен және дипломдармен марапатталды. СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлерге алғысын білдіріп, қаруды ұстауда мықты шеберлік, тапсырмаларды мінсыз орындауда ерекше төзімділік қажет екенін атап өтті.