СҚО полиция департаментінде балалар қауіпсіздігі талқыланды
СҚО полиция департаментінде балалар қауіпсіздігі талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды буллингтен қорғауда заманауи технологиялар қалай көмектеседі? Жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін не істеу керек? Осы және басқа да мәселелер Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде өткен кеңейтілген жиында қаралды. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жүргізді. Жиынға полиция қызметтерінің басшылары, білім және прокуратура өкілдері қатысты.
СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, өңірде жасөспірімдер қылмысы 60%-ға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 25%-ға төмендеген. Қазіргі уақытта полицияның профилактикалық есебінде 46 жасөспірім мен 172 заңды өкіл тұр.
Жиында балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жобалары, оқу орындарының техникалық қауіпсіздігі, бейнебақылаудың тиімділігі мен бақылау жүйелері талқыланды.
СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сурағанованың айтуынша, бүгінде өңірдегі 6 білім беру мекемесінде жасанды интеллект қолданылатын пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жүйе агрессивті мінез-құлық белгілерін анықтап, оны дереу мұғалімдерге хабарлайды. Ол агрессия белгілерін анықтап, педагогтарға жедел хабарлайды. Жүсіп Жұмағұлов бұл жүйеге полицейлерді де қосу қажеттігін ұсынды. Болашақта жобаны басқа оқу орындарына енгізу жоспарланып отыр.
Жол қауіпсіздігі де басты назарда. Биыл облыста балалардың қатысуымен 11 жол апаты тіркеліп, 12 бала жарақат алды. Оның екеуі жаяу жүргінші болған. СҚО ПД бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов оқушылардың жол қозғалысы ережелерін жақсы білуі үшін жас инспекторлар қозғалысын жандандырып, мектептерде арнайы сабақтар енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – ІІМ жариялаған профилактика жылы аясындағы негізгі бағыттардың бірі және “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасының маңызды бөлігі.