Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полиция департаментінде оқушыларға арналған экскурсиялар сериясы өтті

СҚО полиция департаментінде оқушыларға арналған экскурсиялар сериясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Апта бойы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде мектеп оқушыларына арналған бірқатар танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері Петропавл қаласындағы №42 орта мектептің жоғары сынып оқушыларын, сондай-ақ бірінші гимназия жанындағы "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық клубының жас мүшелерін қабылдады.

№42 мектеп оқушылары СҚО ПД жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Орталық басшысының орынбасары, полиция полковнигі Рустам Джакупов балаларға "102" арнасына келіп түсетін хабарламаларға жедел ден қою тетігін түсіндіріп, бейнебақылау инспекторларының қызметін көрсетті. Жас қонақтар қаланың қоғамдық орындары тәулік бойы үздіксіз бақылауда болатынына көз жеткізді. Экскурсия барысында оқушылар үшін ең әсерлі сәт — өздері білім алатын мектеп пен тұрғылықты аулаларының бейнебақылау камералары арқылы көрсетілуі болды.

Ал "Жас Сарбаз" клубының қатысушылары Солтүстік Қазақстан облысы полиция музейін аралады. Мұнда олар өңірдегі ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысып, резонансты қылмыстар мен қызметтік борышты атқару жолындағы ерлікке толы оқиғалар жайлы мағлұмат алды. Сонымен қатар полиция бөлімшелерінің қызметін таныстыратын бейнематериалдар көрсетілді. Бұдан бөлек, оқушылар жедел басқару орталығындағы заманауи бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен де танысу мүмкіндігіне ие болды.

Аталған іс-шаралар кәсіби бағдар беру жұмысы аясында ұйымдастырылды. Кәсіптік бағдар беруші педагог Оксана Кахраманованың айтуынша, мұндай кездесулер оқушылардың полиция мамандығының мәнін тереңірек түсінуіне, сондай-ақ "Заң мен Тәртіп" қағидаттарына деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру