СҚО ПД қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
СҚО полиция департаментінің қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністері мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Петропавл қаласында ӨҚБ офицерлері ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында және адамдар көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарда түсіндіру іс-шараларын өткізді. Аталған акция барысында облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына құқық қорғау органдары қызметкерлеріне пара бергені үшін көзделген заңнамалық жауапкершілік туралы ескертпелері бар жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар азаматтарға қызметтік құзырет шеңберінде құқықтық кеңестер мен түсіндірмелер берілді.

Бұдан бөлек, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автокөлік жүргізушілері арасында да профилактикалық жұмыстар жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы жадынамалар таратты.
Ішкі істер министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы полиция қызметкерлері тарапынан кез келген заңсыз әрекеттерге жол бермеу мәселесінде принципті ұстанымды жүйелі түрде сақтап келеді. Қызметтік тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ адал емес қызметкерлерден тазартуға бағытталған мақсатты және кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда.

Азаматтар сыбайлас жемқорлық фактілері немесе құқыққа қайшы әрекеттер туралы СҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефоны арқылы хабарлай алады: 8 (7152) 61-26-89.
