СҚО полициясы ауа райына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақ болуға шақырды
СҚО полициясы ауа райына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сақ болуға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл жолдарында соңғы екі күнде ұсақ 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді; оның 17-сі – соңғы тәулікте тіркелді. Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ. Олардың басым бөлігі ауа райының өзгеруіне байланысты болған.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысының қатысушыларын жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтауға шақырады. Бұл жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге де қатысты.
– Көлік басқару өтілі аз жүргізушілерге қараңғы уақытта алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Автокөлікке қысқы дөңгелектерді уақытылы орнатуды, басып озғанда және маневрлар жасағанда сақ болуды, жаяу жүргіншілер өткелінде жылдамдықты азайтуды еске саламыз. Сыртқы жарық шамдарын таза ұстап, ақаусыз жұмыс істеуін қадағалап отыру қажет. Тәуліктің кез келген уақытында жарық беруші фаралар қосулы болуы тиіс. Тәжірибесі аз жүргізушілерлің көктайғақ кезінде, әсіресе, ақаулар шығуы мүмкін көлікпен жолға шықпағаны дұрыс, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
9 айда Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 268 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 34 адам қаза тауып, 386 адам түрлі дене жарақаттарын алды.