СҚО полициясы банк қызметкерлеріне интернет-алаяқтықпен күресу бойынша бірқатар ұсыныс жасады
СҚО полициясы банк қызметкерлеріне интернет-алаяқтықпен күресу бойынша бірқатар ұсыныс жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің айтуынша, банктен қоңырау шалу схемасы бойынша жасалған интернет-алаяқтық фактілерінің саны артқан. Бұрын бұл орта есеппен алғанда әрбір үшінші киберқылмыстың сценарийі болса, қазір — интернет-алаяқтар әрбір екінші қылмысты осындай тәсілмен жасайды. Жыл басынан тіркелген 295 интернет-алаяқтық фактісінің 140-ы жалған банк қызметкерлері жасаған.
Көбінесе ұстаздар, медицина қызметкерлері алаяқтардың қармағына түсіп жатады. Сондай-ақ тәуекел тобында қажетті қаржылық сауаттылық деңгейі жоқ зейнеткерлер де бар.
СҚО полиция департаментінде екінші деңгейлі банктердің, прокуратураның, ішкі саясат басқармасының және басқа да мүдделі органдар өкілдерінің қатысуымен полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде халықты қылмыстың осы түрінен қорғау тәсілдері, адамдарды қорғаудың қолданыстағы сот механизмдері талқыланды. Сондай-ақ барлық қатысушылар ақпараттық-профилактикалық жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Полицейлер бірқатар практикалық ұсыныстар әзірледі. Олардың ішінде – банкингтің мобильдік қосымшалар жүйесін пайдалану қауіпсіздігі мәселесін пысықтау, онлайн-несиелер беру ережелерін қатаңдату. Өйткені жасанды интеллекті қарқынды дамығандықтан, бүгінгі таңда биометриялық деректер бойынша тексеру жеткіліксіз болуы мүмкін. Банк карталарын жасатып шығарған кезде тәртіп сақшылары клиенттерге оларды үшінші тұлғаларға бергені үшін жауапкершілік көзделгені туралы хабарлауға кеңес береді. Осы және басқа да ұсыныстарды одан әрі іске асыру үшін негізгі банктер мен мүдделі мемлекеттік құрылымдар деңгейінде көтеру ұсынылды.