СҚО полициясы басшысы балалар қауіпсіздігінің шараларын нығайтуды тапсырды
СҚО полициясы басшысы балалар қауіпсіздігінің шараларын нығайтуды тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде ағымдағы жылғы қаңтар айындағы жедел-қызметтік жұмыс қорытындыланды. СҚО Полиция департаменті Штабының бастығы Сәуле Андағұлованың ақпараты бойынша қаңтар айында өңірде 379 қылмыс тіркелген.
Тұрмыстық қылмыстың алдын алу жұмысына баса назар аударылды, көп жағдайда аталған қылмыстарға спирттік ішімдік себепші болып жатады. Ауыр қылмыстар көбінесе алкогольдік масаң күйде жасалады, сондықтан маскүнемдікпен күрес – полицейлердің профилактикалық жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі.
Жыл басынан облыста денсаулыққа ауыр зиын келтірудің 10 фактісі тіркелген, олардың басым бөлігі ащы суды асыра ішетін тұлғалармен жасалған екен. Кеңесте мұндай бұзақылық фактілері облыс орталығының көшелерінде, сондай-ақ ойын-сауық орындарының қасында орын алып жататыны туралы атап өтілді.
– Профилактикалық жұмысты нығайту қажет. Балалар қауіпсіздігіне баса назар аударылсын. Білім мекемелеріндегі бейне бақылау камераларының жұмысымен қатар, кешенді қауіпсіздік жүйесін назарға алу қажет, – деп тапсырды СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов барлық аумақтық бөліністердің басшыларына.
Кеңесте бүгінгі таңда қала мен облыстың барлық 474 мектебінде бейне бақылау жүйесінің орнатылғаны туралы атап өтілді, алайда, барлығы дерлік полиция бөліністерінің кезекші бөлімдеріне қосылмаған. Кейбір мектептерде дабыл батырмасы жоқ, аталған батырмалардың болуын терроризмге қарсы күрес заңнамасы талап етеді. Сондай-ақ, кеңес қатысушылары есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, ұрлықтардың, оның ішінде пәтер және мал ұрлығының алдын алу, жол қауіпсіздігінің мәселелерін талқылады. Облыстық полиция ведомствосының басшысы бөлініс басшыларына құқықтық тәртіпті нығайту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттерді белгіледі.