СҚО полициясының үздік жедел уәкілі анықталды
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» байқауының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үздік атану үшін полиция департаментінің құрамындағы жедел бөліністердің 16 қызметкері бақ сынады. Үміткерлер дене шынықтыру дайындығын, табельдік қаруды қолдана білуін көрсетті, заңнама бойынша тестілеуден өтті. Сондай-ақ қызметтегі қол жеткізген көрсеткіштері де есепке алынды.
Нәтижесінде полиция майоры Миржан Махмет үздік атанды. Ол бұл салаға әке жолын жалғастыру үшін келген. Миржан полицияда 2012 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жамбыл ауданында басшылық қызметте болған. 2023 жылдан бастап СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының «К» тобында аға жедел уәкіл лауазымында. Бұл бөлініс киберқылмыстарды, оның ішінде интернет-алаяқтық қылмыстарын ашумен айналысады.
– Қызметім үлкен жауапкершілікті қажет етеді, қиындығы да жоқ емес. Бүгінгі таңда интернет-алаяқтық көп таралған қылмыс түріне жатады. Қаскөйлердің өзге мемлекетте отырып әккі әрекетін іске асыруы қылмыстың ашылуын қиындатады. Осы лауазымымда полиция жұмысындағы ең маңызды бағыттардың бірімен айналысамын, – дейді Миржан.
Миржан жыл басынан 60-тан астам киберқылмыстың ашылуына қатысқан. Олардың арасында өзін полиция қызметкері болып таныстырған және адамдардың сеніміне кіріп, несие ресімдеген 28 жастағы петропавлдықты ұстау фактісі бар. Қылмыстық істе 16 эпизод болған. Қазіргі уақытта қылмыскер 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.
Миржан байқаудағы жеңісі қызметті жақсы атқаруға ынталандырады деп есептейді. Ол енді ҚР ІІМ-де өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайды.