СҚО ҚАЖД мекемелерінің қызметкерлеріне алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту ұйымдастырылды
СҚО бойынша ҚАЖД ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметкерлері үшін алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша оқыту ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғашқы медициналық көмек көрсету тұрғысынан қарапайым білімнің болмауы зардап шеккен адамның денсаулығының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Алғашқы медициналық көмектің негізгі мақсаты – зардап шеккен адамның өмірін сақтау. Ең бастысы – дәрігерлер келгенге дейін оның өмірін сақтап қалу үшін алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуді үйрену. Осындай оқытуды өткізу мақсатында СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №48 және №50 ведомстволық бағынысты мекемелеріне «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР ТЖМ (Астана қ.) Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесі филиалының басшы-дәрігері Рустамбек Кенганов шақырылды.
– Алғашқы медициналық көмек көрсету тақырыбы қылмыстық – атқару жүйесінің қызметкерлері үшін ерекше өзекті, себебі олар қоғамнан оқшауланған сотталғандарды қадағалайды және әрқашан олардың қасында болады, – деп бөлісті департаменттің санитарлық дәрігері Торгын Абилева.
Іс-шараға 60-тан астам қызметкер мен әскери бөлімнің әскери қызметшілері қатысты. Семинар барысында шақырылған қонақ алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін түсіндіріп қана қоймай, манекендегі кейбір әдістерді көрнекі түрде көрсетті.
Сонымен қатар әртүрлі ситуациялық тапсырмаларды қарастырды. Алынған білімді бекіту үшін әр қызметкер күйік алу, есін жоғалту, эпилепсия, суицид кезіндегі әрекеттерін, геймлих әдісін және т. б. жеке көрсетті.
Мұндай оқыту семинарлары қызметкерлердің кәсіби білімін дәйекті және тұрақты толықтыру және жаңарту, сондай-ақ жаңа дағдыларды игеру мақсатында жүзеге асырылады.