СҚО ҚАЖД қызметкерлері тарихта із қалдырған Бибигүл Мансурованы еске алды
8 наурыз қарсаңында СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №50 мекемесінде Қазақстан Республикасы тарихындағы алғаш рет колония бастығы болып тағайындалған әйел - Мансурова Бибигүл Ғабдуллқызының еске алу күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық әйелдер күнінде біз аналарымыз бен әжелерімізді құттықтап қана қоймай, еліміздің тарихында жарқын із қалдырған әйелдерді де еске аламыз.
Бибигүл Мансурова 1963 жылы 4 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы Майбалық ауылында дүниеге келген. Ростов - на-Дону қаласында КСРО ІІМ басшы құрамын даярлаудың Ростов арнайы мектебін бітірген. 1988 жылы өзінің ішкі қызмет қатарындағы алғашқы арнайы атағын алды.
Бибигүл Ғабдуллқызы өзінің еңбек жолын 1990 жылдың қазан айында ТЕК-11 өндірістік диспетчерлік бөлімінің жаңа техника және рационализация жөніндегі инженері лауазымынан бастады.
1990 жылдан 2015 жылға дейін арнайы есеп бөлімінде, кадрлар тобында, СҚО бойынша ҚАЖКБ қылмыстық-атқару инспекциясы бөлімінде, сондай-ақ СҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
Өмірінің соңғы жылдарында ол Петропавл қаласының ЕС-164/6 әйелдер колониясының бастығы лауазымында қызметін атқарды және әділет полковнигі атағына ие болды. 2014 жылы Бибигүл Мансурова ҚР Президентінің Жарлығымен 2-ші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған алғашқы әйел болды. 2017 жылдың 21 қаңтарында аурудың салдарынан ол қайтыс болды.
Бибигүл Ғабдуллқызын еске алуға арналған іс-шараға оның әріптестері, достары, ҚАЖ ардагерлері және әрине отбасы мүшелері шақырылды. Шақырылғандардың алдында қазіргі уақытта №50 мекеме бастығы Светлана Спасская, сондай-ақ СҚО бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасарлары сөз сөйледі. Бұдан әрі сөз Бибигүл Ғабдуллқызымен бірге қызмет еткен жылдарын еске алғысы келетіндердің барлығына берілді. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер музыкалық нөмірлермен өнер көрсетті.
Кеш соңында Бибигүл Мансұрованың әпкесі, ағалары, жұбайы мен қызы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.