Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО жолдарында полицейлер алысқа жүк тасымалдайтын бес жүргізушіге көмектесті

СҚО жолдарында полицейлер алысқа жүк тасымалдайтын бес жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында қатты аяздардан соң ауа температурасы күрт көтеріліп, жолдар көктайғаққа айналды. Желтоқсан айының басында болған аяз кезінде облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алысқа жүк тасымалдайтын бес жүргізушіге көмектесті. Жанар-жағармайдың қатып қалуы көліктердің тоқтауына себеп болған.

Жүргізушілердің бірі 55 жастағы астаналық азамат Рублевка ауылынан 9 күннен бері кете алмаған. Оның DAF фурасы Астана – Петропавл жолының 418-шақырымында бірқатар бөлшектерінің істен шығуына байланысты жүрмей қалған. Осы күндері оған патрульдік полицейлер. “Зенченко” КС басшылығы, жолай өтіп бара жатқан жүргізушілер көмектесіп отырған. Аяз кеткен соң фураны жылытып, оталдырып алды.

Жүргізуші қол ұшын созған барлық адамға алғысын білдірді.

Жезқазған – Петропавл жолының 779-шақырымында жол шетіне шығып кетіп, аударылған Hyundai автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі де ризашылығын білдірді. Жол үстінде жүрген патрульдік полицейлер 18 желтоқсан күні түскі сағат екі шамасында бір қабырғасына аударылып жатқан фураны байқайды. Сақшылар “Черкасов” ЖШС-дан К-701 тракторын шақыртты.

Ал 13 желтоқсан күні бірден 3 фура қатты аязға шыдамай қатып қалған. Бұл күндері полиция қызметкерлері жол үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жүргізушілерге түнейтін орын, ауыр техника тауып берді, көлікті жылытып жатқанда айналадағы тәртіпті қадағалады. ДЭУ-67 және ДЭП-13 ұйымдарының жұмысшылары да көмектесті.

– Қызметкерлеріміз кезекшілікке шыққанда жолдарда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесу қажет екенін айтамыз. Жүргізушілерден ТЖ қызметінің жолдардың жабылуы туралы хабарламаларын бақылап отыруды және жылы киімдерді бірге алып жүрулерін сұраймыз. Мықты телефон қуаттағышты да ұмытпаған жөн. Жолдарда мұқият болып, жол жүрісі қағидаларын сақтау қажет, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру