Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО жолдарында полиция департаментінің басшылығы патрульдеуде

СҚО жолдарында полиция департаментінің басшылығы мен бөлім бастықтары патрульдеуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында 26 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өткен демалыс күндері бұл көрсеткішке тағы екі жол апаты қосылып, үш адамның өмірі қиылды. Жолдардағы ахуалды тұрақтандыру және ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес өңір жолдарында күшейтілген нарядтар шығарылды. Қызметке патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік инспекторлармен қатар, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары да тікелей жұмылдырылды.

Аққайың ауданына қарасты, республикалық маңызы бар Астана – Петропавл автожолы өтетін Астраханка ауылында жүргізушілерді полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев пен жергілікті полиция бөлімінің бастығы Пётр Климов жеке өзі тоқтатып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай рейдтер облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды.

— Жүргізушілермен профилактикалық жұмыс — біздің күнделікті міндетіміз, — деді Марат Жұмалиев.

Қазіргі уақытта жолдарда, әсіресе кешкі мезгілде және көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде полицияның қатысуы күшейтілді. СҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғары уақыттарда — кешкі сағат 20:00-ден түнгі 00:00-ге дейін және таңғы 4:00-ден 7:00-ге дейін — күшейтілген рейдтер өткізуде.

- Біздің басты мақсатымыз — айыппұл салу емес, жол қозғалысына қатысушылардың санасына уақытылы әсер ету. Түнгі уақытта өткізілген профилактикалық рейдтердің үш күні ішінде облыс бойынша шамамен бес мыңға жуық көлік тоқтатылып, жүргізушілер мен жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді Марат Жұмалиев.

Полицейлер барлық жүргізушілерге ортақ қарапайым, бірақ маңызды ұсынымдарды еске салады: белгіленген жылдамдық режимін сақтау, көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданбау, шаршаған немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда жолды жалғастырмай, кемпингте немесе қонақүйде демалу.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қолжетімді құралдар пайдаланылуда. Атап айтқанда, жарқылдауық шамдары бар патрульдік автокөліктердің муляждары, жаяу жүргіншілер мен жануарлардың макеттері, интеллектуалды бейнебақылау камералары, сондай-ақ квадрокоптерлер қолданылады.

Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, ең ауқымды профилактикалық шаралардың өзі кей жағдайда толық нәтиже бере бермейді. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғалары адам шығынымен әлі де тіркеліп отыр. Осыған байланысты полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды барынша сақ болуға және жолдың ең кіші қателікті де кешірмейтінін ұмытпауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру