Сталкинг — заң бақылауында: Жетісу облысында полиция жаңа қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді
Жетісу облысында полиция жаңа қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілер мен цифрлық коммуникациялардың қарқынды дамуы қоғамдағы қарым-қатынас форматын ғана емес, қылмыс түрлерінің сипатын да өзгертуде. Қазіргі таңда ең өзекті әрі алаңдатарлық мәселелердің бірі - сталкинг, яғни адамды заңсыз қудалау. Бұл көбіне интернет кеңістігінде басталып, кейін нақты өмірде жеке қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекеттерге ұласуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге, сондай-ақ ішкі істер органдарына келіп түсетін азаматтардың өтініштері мен хабарламаларына талдау жүргізді. Жан-жақты зерделеу нәтижесінде анықталған деректер негізінде сталкингтің мәні мен цифрлық дәуірдегі қауіптілігін ашып көрсететін профилактикалық бейнеролик дайындалды.
Жетісу облысының полиция департаменті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 115-1-бап енгізілгенін түсіндіреді. Аталған бап адамды заңсыз қудалау (сталкинг) әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Бұл - адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға тырысу, аңду, жүйелі түрде хабарлама жіберу, қорқыту немесе өзге де әрекеттер арқылы оның жеке қауіпсіздігі мен еркіндігіне қол сұғу болып есептеледі.
Мұндай құқық бұзушылық үшін заңнамада 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Жәбірленушіге нақты зиян келтірілген жағдайда құқықтық баға беріліп, жауапкершілік қолданылады. Сонымен қатар полиция азаматтарды қудалау фактілерін жасырмауға және уақтылы құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады. Себебі ерте әрекет ету қауіптің асқынуына жол бермей, алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтарын қорғау мен құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызын бірнеше рет атап өтіп: "Заң мен тәртіп - әр адамның қауіпсіздігінің және қоғамның тұрақты дамуының негізі", - деген болатын.
Полиция ескертеді: цифрлық орта жазасыздық кеңістігіне айналмауы тиіс. Әрбір әрекет пен әрбір хабарлама үшін жауапкершілік бар. Ал азаматтың жеке қауіпсіздігін қорғау - мемлекеттің басты басымдығы.
