"Сталкингті тоқтат": Атырауда республикалық акцияға 300-ден астам студент қатысты
Атырауда жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналған форумға 200-ге жуық студент қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Жеке өмірге қол сұғу, мазалау мен қудалау сынды құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу – құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Осыған орай Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында Атырау қалалық полиция басқармасы ұйымдастыруымен "Сталкингті тоқтат. Қауіпсіз қоғамға бірге қадам" тақырыбында ауқымды форум өтті.
Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары, Атырау облысы полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және 300-ге жуық студент қатысты. Форум барысында сталкингтің қоғамға төндіретін қаупі, жасөспірімдерді құқықтық қорғау тетіктері және қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты талқыланды.
Айта кету керек, 2025 жылғы 16 шілдеден бастап сталкингке қатысты жаңа заң күшіне енді. Бұл құжат азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтарға дер кезінде тосқауыл қоюға бағытталған.
Полиция қызметкерлері форум аясында тіркелген өтініштер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар қорғау нұсқамаларын беру тәртібі, профилактикалық іс-шаралар және құқықтық кеңес алу мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Полиция өкілдері кез келген күмәнді жағдай туындаған кезде тиісті органдарға уақтылы хабарласудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
