Су тасқынының алдын алу: полиция тұрғындарға абаттандыру қағидаларын сақтауды ескертті
СҚО-да көктемгі су басу қаупі алдында полицейлер тұрғындарға абаттандыру қағидаларын сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемде су басу қаупін азайту үшін қарды уақытылы шығару қажет. Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қар шығаруға көмек көрсетіп жатыр. Мұндай жұмыстарға көбінесе қыс бойы қаңтарылып тұрған, қараусыз қалған автокөліктер кедергі келтіреді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары барлық меншік түрінің иелеріне абаттандыру қағидаларын сақтап, маңайды қардан тазарту қажет екенін түсіндіруде.
Әкімшілік заңнамаға сәйкес, аталмыш қағидаларды бұзғандарға алдымен ескерту беріледі. Анықталған олқылықтар он күн ішінде жойылуы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмай, аталған құқық бұзушылықтар қайтадан анықталған жағдайда заңмен айыппұл салу көзделген.
Осындай жұмыстар тек Петропавл қаласында ғана емес, аудандарда жүргізіліп жатыр. Айта кету қажет, СҚО-да полиция қызметкерлері жыл басынан абаттандыру қағидаларын бұзу деректеріне қатысты 3 мыңнан астам ескерту жазған.