Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сын сағатта сапта болған сақшылар

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет болған төтенше жағдай режимі кезінде полицейлердің де кәсіби білігі сынға түсіп, полиция қызметінің ашықтығын дәлелдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда Қазақстан полициясына жүктелген міндет зор. Құқық қорғау органдарының қызметін одан әрі жаңғырту аясындағы міндеттерді орындауда ішкі істер органдарында атқарылып жатқан жұмыс ұшан-теңіз. Әсіресе халықпен тығыз байланыс орнату барысында жаңа әдістерді қолдану, қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу, цифрлық технологияны меңгеру, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жұмыс істеу, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету сияқты көптеген жаңа бастамаларды дамыту бағытында ізденіс те, нәтиже де мол.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев жыл ортасында өткізген есепті кездесуінде халықты ішкі істер органдары атқарып жатқан жұмыстарды хабардар етті. Бұл кездесу мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет ресурстары арқылы тікелей көрсетілді және Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарына қосылды.

Есепті кездесу кезінде Министр еліміздегі қылмыстық ахуалдың жағдайына тоқталып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен, қылмыстық-атқару жүйесінің және азаматтық қорғау қызметімен, ішкі істер органында жасалып жатқан реформалармен ашық та толық таныстырды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет болып отырған төтенше жағдай полиция қызметкерлерінің де кәсібилігін сынға салды десе болады. Тәртіп сақшылары да дәрігерлермен бірдей алдыңғы шепте жүріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Төтенше жағдай кезінде 400 блок-бекет пен 200 санитарлық бекет жұмыс істеді. Аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға күзет қойылды. Ауру шыққан үйлерді тәулік бойы полиция қызметкерлері күзетіп, сол арқылы індеттің таралмауына күш салды. Аталған жұмысқа Ұлттық Ұлан мен ішкі істер органдарынан 50 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылды. Ел басына төнген қатерлі індеттің бетін қайтаруда тәртіп сақшыларына көмек көрсетемін деген еріктілер де көп болды. Бұл халық пен полицияның бір мақсат, бір мүдде жолында бір саптан табыла алатынына дәлел.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бейнеконференц-байланыс режимінде төтенше жағдай кезінде көзге түскен ішкі істер ор- гандарының 47 қызметкері мен әскери қызметшілерін ведомстволық наградалармен марапаттады.

Пандемия кезінде адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен қамқорлығы арта түсті. Олардың мұндай адами қасиеттері де елеусіз қалған жоқ. Мысалы карантин кезінде 876 қызметкер, оның ішінде 664 полиция қызметкері марапатталса, халық үшін де, ішкі істер органдары үшін де сын болған қиын кезеңде тәртіп сақшыларына көмектесіп, азаматтардың карантин талаптарын сақтауына атсалысқан 212 ерікті марапатталды.

Осы орайда тағы айта кететін бір жайт – жыл басынан бері Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың блогына азаматтарға көмек көрсетуде батылдық танытқан, қызметтік міндеттерін адал атқарған полицейлерге алғыс білдірген 50-ден астам хабарлама түсті. Сондай-ақ министрдің атына полиция қызметкерлерінің, қылмыстық-атқару жүйесі мен азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің мал ұрлығы мен мүлік ұрлығын ашудағы, қылмыскерлерден құтқарудағы, балалар суицидінің алдын алудағы, адамдарды өрттен құтқарудағы еңбектеріне алғыс айтқан 45 жазбаша хат келді.

Полицейлер ерлігі – антқа адалдықтың үлгісі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің ел үшін қиын кезеңде уақытпен санаспай тәулік бойы бел шешпей құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткен ерліктерін жоғары бағалады. Ел Президенті Алматы қаласында блок-бекетте өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары Жарас Жанғазиев пен Дастан Абдықановты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Ел тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында полиция қызметкерлері небір қатерлі сәттерді бастан өткереді. Адамдарды лаулаған өрттен алып шығу, суға кеткендерді, биік үйлерден немесе көпірден секірмек болғандарды құтқару, қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, жанкештілік танытқан полиция қызметкерлері көп.

Өкінішке орай қызмет бабында қаза табатындар да бар. Мысалы еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері қызметтік борышын атқару кезінде 791 қызметкер қаза тауып, 2555 адам жарақат алды. Біз өмірлерінің соңына дейін ел алдында қабылдаған антына адалдық танытқан әріптестерімізді қашанда мақтан етеміз.

Онлайн жұмыстың оңтайлы тұстары көп.

Технология дамыған қазіргі жаһандану заманында қылмыстың небір түрлері пайда болды. Қылмыстың алдын алуға, орын алған қылмысты ашуға зор мүмкіндік беретін құралдар мен техниканы пайдалана отырып, полиция мобильді құрылымға айналды. Технология дамыған сайын әсіресе алаяқтық пен ұрлықтың түрлері де көбеюде. Қылмыскерлер өздерінің ойларын жүзеге асыру үшін түрлі амал-тәсілдерді қолданады. Сондықтан осындай қылмыстарды ашу және алдын алу үшін ішкі істер органдарына ІТ мамандар тартылуда. Сонымен бірге кибер қылмыстарды ашатын мамандарды жедел даярлау ісі қолға алынды.

Қазақстан Республикасы ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының Біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау фа- культетінің Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау орталығы осындай мамандар даярлауда. Олардың арасында инженерлер, жедел уәкілдер мен криминалистер бар.

Карантин кезінде көптеген сауда үйлерінің жабық болуына байланысты адамдар сауданы интернет арқылы жасауда. Бұл алаяқтар үшін таптырмас мүмкіндік екені даусыз. Киберқылмыстың санының өсуіне интернет алаяқтар «мол үлес қосуда». Мысалы өткен жылы 4,5 мың осы санаттағы қылмыс тіркелсе, биыл жыл басынан бері 6 мыңнан аса қылмыс тіркелді. Интернеттегі алаяқтық жалғыз Қазақстанды ғана емес, әлемді алаңдатып отырғаны шындық. Біреудің құжаты арқылы несие рәсімдеу, жарнама арқылы арзан тауарлар ұсыну сияқты толып жатқан әдістермен аңқау адамдар- ды құрбан етеді. Полиция қызметкерлері мұндай қылмыстарды ашумен бірге, тұрғындар арасында алаяқтарға алданбауды насихаттайды. Бұл жұмыста да тәртіп сақшыларына еріктілер көмектесуде.

Ішкі істер органдары көрсететін қызметтерді автоматтандырудың да үлес салмағы артып келеді. Атап айтқанда 36 қызметтің 30-ы электронды түрде көрсетіледі. Көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, жол қозғалысының ережесі бойынша емтихан тапсыру жөніндегі бірқатар қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталығына берілді. Бүгінде 16 қызмет түрі аталған орталық арқылы көрсетіледі. Тұрғындар үшін өте оңтайлы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Биыл барлық қылмыстық істердің үштен бір бөлігі электронды форматта тергелді. Тергеудің мұндай тәсілі қылмыстық процестің ашықтығын арттырып, тергеу уақытын айтарлықтай қысқартуға және бақылауды күшейтуге мүмкіндік тудырды.

Көлік қозғалысын бақылау, жол ережелерін бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін жүйе енгізілуде. Олардың көмегімен жыл сайын республика бойынша 1,5 миллион ереже бұзушылық анықталады. Мұндай жүйе полиция қызметкерлерінің адамдармен бетпе бет жұмыс істеуін азайтып, жемқорлықтың да алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз. Бір өкініштісі жол ережелерін бұзу соңғы жылы 3 есеге артып отыр
Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақстандықтардың Армения Республикасында тіркелген көліктерді Қазақстанға әкеліп, пайдалануына қатысты Қаулы қабылдаған болатын. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам Армениядан әкелінген көлік тіркелді. Талап бойынша мұндай көліктер 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін есепке қойылуы керек. Армениялық көліктерді тіркеу үшін біздің азаматтар арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына тек төрт құжат қана ұсынады: жеке басын анықтайтын куәлік, мемлекеттік тіркеу үшін төленетін төлем мен баж салығын төлегені туралы құжат, техпаспорт және көліктің Армения Республикасында берілген мемлекеттік нөмірі. Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» заңының 66 бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында механикалық көлік құралдарын сатып алғаннан кейін көлік құралдарын он жұмыс күні ішінде уәкілетті органда тіркеуге міндетті. Бұл талаптарды орындамағандарға заңнамада көрсетілгендей 10 АЕК айыппұл салынады.
Көлікті тіркеу қазір оңай, азаматтардың көп уақытын алмайды. Тіркеуге Арменияның өкілетті органдарында Қазақстан азаматының атына тіркелген және 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген көліктер жатады.

Көлік Армения Республикасында берілген техпаспортта көрсетілген адамның атына тіркеледі. Ал сенімхатпен немесе сақтандыру полисімен жүрген адамдардың атына тіркелмейді, өйткені заң жүзінде олар көліктің иесі болып саналмайды. Жүргізушілерге нақты кеңес беру үшін Полиция департаменттерінде Call-орталықтардың жұмысы ұйымдастырылды, сондай-ақ әрбір арнайы ХҚКО-да тұрғындарға кеңес беретін полиция қызметкерлері бар.

«Оң жақ рульді» көліктерге 2009 жылдан бастап тыйым салынғандықтан оларды тіркеу қарастырылмаған. Мұндай көліктер әу баста Жапония, Ұлыбритания және тағы да басқа елдерде оң жақпен жүретін көшелерге арнап шығарылған.

Сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу өндірісін электронды форматқа көшіруді дамыту да күн тәртібіндегі мәселе. Патрульдік полиция қызметкерлері электронды планшеттермен және айыппұлдарды қолма қол ақшасыз төлейтін терминалдармен қамтамасыз етілуде. Бұл біріншіден хаттама толтыру уақытын қысқартып, құқықбұзушыны есепке алу бойынша тексеруді қамтамасыз етеді және айыппұлды тексеру орнында төлеуге мүмкіндік тудырады. Екіншіден жемқорлықтың алдын алуға көп көмегі бар. Өйткені базаға енгізілген мәліметтерді өшіру мүмкін емес.

Жақын уақытта жүргізушілерге тек бір-ақ құжат – жеке куәлік қана алып жүрулеріне мүмкіндік туады. Қалған мәліметтер планшет арқылы тексерілетін болады. Полиция қызметкерлері бейнетіркегіштермен жабдықталуда. Яғни бұл полиция қызметкерлерінің жұмысына субъективті баға беру мен даулы жағдайлардың алдын алады.

Коронавирусты таратпауға колониялар да атсалысты.

Ішкі істер министрлігінің қуатты саласының бірі – қылмыстық атқару жүйесі. Бұл саланың проблемалы тұстары да жетерлік. Колония ғимараттарының ескіргені, сотталғандарды жұмыспен қамту, бостандыққа шыққан сотталғандарды өмірге бейімдеу сияқты толып жатқан шешілуі қиын мәселелер бар. Дей тұрсақ та соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды. Қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру нәтижесінде түрме тұрғындарының саны азайды. Мысалы 2009 жылы бас бостандығынан айыруға сотталғандардың саны 63 мыңнан асса, 2020 жылы 30 мыңға да жеткен жоқ.

Есесіне бас бостандығынан айырмайтын баламалы жазаға тартылған сотталғандардың саны артып келеді. Нәтижесінде Қазақстанда 12 колония жабылды. Қылмыстық-атқару саласындағы мұндай оңтайлы өзгерістерге «Медиация туралы» және «Пробация туралы» заңдардың қабылдануы ықпал етті айтуға болады. Соңғы кезде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу әрекеттері бойынша медиацияны қолдануға зор мүмкіндік туды.

Сотталғандардың туған-туыстарымен байланысын үзбеу үшін интернет-кездесулер енгізілді. Бірқатар колонияларда электронды дүкендер арқылы азық-түлік, киім-кешек, кітаптарға тапсырыс беру мүмкіндігі бар. Сотталғандар колония аумағына орналастырылған электронды терминалдар арқылы сот пен прокуратураға өтініш білдіре алады. Жыл аяғына дейін тағы 121 терминал орнатылатын болады.

Коронавирустан сақтану шаралары еліміздегі түзеу колонияларында бірінші күннен-ақ қарқынды қолға алынды. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері де жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында ерекше жағдайдағы режиммен жұмыс істеді. Ең бірінші кезекте түзеу мекемелеріне келетіндерге тоқтау салынып, соттар қылмыстық істерді бейнеконференц байланыс арқылы қарады. Тергеу тұтқынындағылардан тергеушілер мен қорғаушылар қауіпсіздік шараларына арналған арнайы киіммен келіп, әйнек арқылы ғана сұрақ-жауап алатын болды. Сот отырысы аумақтардағы сот және сотқа дейінгі тергеу органдарынан талаптар түскен кезде бейнеконференц байланыс бойынша өткізілді.

Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі негізгі жұмыс көзі – металл-ағаш өңдеу, құрылыс және басқа да тауарлар өндіру болатын. Төтенше жағдай сотталғандардың еңбек белсенділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етті десе де болады. Олар төтенше жағдай жарияланысымен барлық өндіріс орындарын тігін цехтарына айналдырып, қорғаныш костюмдері мен бетперде тікті. Тәулігіне 50 мың бетперде тігілді. Сотталғандар мұндай өнімдермен тек полиция қызметкерлерін ғана қамтамасыз етіп қоймай, әкімдіктерге, «СК-Фармация» компаниясына да қарайласты. Бұл бір жағынан сотталғандардың нарықта керек мамандыққа машықтануларына жол ашты.

Ішкі істер министрлігінің құрамындағы Төтенше жағдайлар комитетінің де атқарып жатқан игілікті істері халық көңілінен шығуда. От пен судың ортасында жүретін төтеншеліктер үшін өткен уақыт оңай болған жоқ. Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқдәрі қоймасында болған жарылыстың зардабын бүкіл қала тұрғындары тартты. Төтенше жағдай қызметі үшін бұл жарылыс үлкен сын болды, зардап шеккендерді құтқаруда біздің қызметккерлер алдыңғы шептен табылды.

Өткен қыста мөлшерден артық жауған қардың зардабы да көп болды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар 12 мыңнан астам адамды құтқарды. Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқынынан зардап шегушілерді құтқаруда да олар кәсіби шеберлік таныта білді.

Жыл басынан бері біздің елімізде 173 орманды дала өрті болыпты. Соның ішінде ең көлемдісі Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей орманында» болған өрт. Мұнда өрт сөндіруге ауыр тікұшақ техникалары қолданылды. Елді мекендерде жыл басынан бері 4 мыңнан аса өрт фактісі тіркелді. Өрт салдарынан 147 адам қаза тауып, 470 адам құтқарылды. Оның 134-і балалар.

Ауыр қылмыстарға ауыр жаза белгіленді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деген болатын. Осыдан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, ол 2020 жылғы қаңтардан бастап күшіне енгізілді. Аталған заңға енгізілген өзгерістердің негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірқатар баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жауапкершілік күшейтілді. Соның ішінде браконьерлікке және жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы, тағы да басқа ауыр қылмыстарға қарсы баптар бар. Кейбір қылмыстарға жазаның ең ауыр түрі – өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын болды. Педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық, браконьерлік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстар бойынша жауапкершілікті күшейту қазіргі кезде туындап отырған елдегі ахуалды түзетуге бағытталған басты шаралар. Бұл қылмыстар қалай қарағанда да ізгілендіруге жатпайтын қылмыстар. Заңнамаға енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіріп отыру да маңызды жұмыс. Мысалы бүгінде тіркелген қылмыстардың басым бөлігін құрайтын ұрлық үшін де жауапкершілік күшейтіліп, мал ұрлығы бойынша да заңға арнайы бап енгізілді. Аталған санаттағы қылмыстар бойынша жазаны қатаңдату бұл заман талабынан туындады деп санаймыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру