Сынбас семсердің тарихы: Дәулет Темірхановтың өмірі мен кітабы туралы
Қазақстанның құқық қорғау органдары тарихында айрықша із қалдырған тұлғалардың бірі – Дәулет Темірханов. Полиция полковнигі, Қазақстан Республикасындағы Арнайы мақсаттағы бөлімнің негізін қалаушы, Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері және спорт әлемінде танымал азамат ретінде ол ел тыныштығын қорғауға бар өмірін арнаған. Ардагер туралы Polisia.kz сайтының журналисі аз-кем мәлімет ұсынады.
Дәулет Әмірханұлы 1955 жылы 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Бала кезден алғырлығы мен жауапкершілігімен ерекшеленген ол алдымен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаса, кейіннен заң ғылымын меңгеру үшін Д. Қонаев атындағы университеттің заң факультетінде білім алды.
Темірдей тәртіпті ұстанып, елге адал қызмет етуді мақсат еткен Дәулет Темірханов еңбек жолын Кеңес Армиясы қатарында бастаған. Кейіннен 35 жыл бойы Ішкі істер органдарында қызмет етіп, қылмыспен күрес жолында ерлік пен кәсібилік танытты. Оның ерекше еңбегі – Қазақстан Республикасындағы Арнайы мақсаттағы бөлімді құруы. Бұл бөлімнің құрылуы еліміздегі құқық қорғау саласына тың серпін беріп, көптеген маңызды операциялардың табысты жүзеге асуына ықпал етті.
Дәулет Әмірханұлының басшылығымен Арнайы мақсаттағы бөлім 1990-жылдары еліміздегі күрделі кезеңде қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде болды. Оның басшылығымен кепілге алынған адамдарды босату, қарулы қылмыстық топтарды жою секілді опрерациялар жүргізілді. Бұл өз кезегінде экстремизм мен терроризмге қарсы күресте – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жарқын үлгісі еді.
– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 90-жылдары қылмыстық жағдай өршіп кетті. Рекеттер пайда болды. Ол кезде милицияда жақсы қару да, көлік те болмады. Сондықтан арнайы мақсаттағы бөлім құру қажеттілігі туындады. Рекеттерге қарсы күресетін басқарма құрылып, мен осы бөлімнің ротасын басқаруға тағайындалдым. Бастапқыда 109 адамнан тұратын бұл бөлімді ұйымдастыру оңайға соқпады. Кадрларды іріктеу, арнайы дайындық өткізу және ғимарат мәселесін шешу сияқты көптеген мәселелерге бел шешіп кірісіп кеттім. Бұл істің басында тұрғанымды мақтан етемін, – деп еске алады Дәулет Темірханов.
Ол тек білікті басшы ғана емес, ұжым үшін үлгі тұтар азамат. Жас қызметкерлерді тәрбиелеуде адалдық пен кәсібиліктің, патриотизм мен ерліктің биік стандарттарын ұстанды.
Өткен жылдың 26 желтоқсанында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Дәулет Әмірханұлының «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл кітап – тек деректі детектив жанрындағы туынды емес, құқық қорғау саласының тарихын баяндайтын маңызды құжат.
Шығармада 1990-жылдардағы қылмыспен күрестің ауыр кезеңдері, арнайы операциялардың егжей-тегжейі және құқық қорғау органдарының ерліктері шынайы суреттеледі. Автор өз өмір жолын да баяндай отырып, жас ұрпаққа патриотизм мен адалдықтың маңыздылығын жеткізуді көздейді.
– Мен жазушы емеспін, бірақ сол қиын кезеңдерде Қазақстанда құқықтық тәртіпті орнату жолында қызмет еткен, сол жолда өмірлерін қиған әріптестерім туралы кейінгі ұрпаққа мен айтпасам кім айтады, кім жазады деген ой маза бермеді. Сол кездердегі арнайы мақсаттағы топтың ерлігі мен батылдығын кейінгі ұрпаққа жеткізгім келді. Бұл кітап патриотизмнің маңыздылығын көрсетіп, қызметтің шытырман оқиғаларын баяндайды. Барлығы шынайы оқиғалар, ойдан шығарылмаған, – дейді автор.
Кітап мазмұнының тереңдігі мен өзектілігі оны тек құқық қорғау қызметкерлеріне ғана емес, қалың оқырман қауымына да қызықты етеді. Тіпті туындының экранға шығарылуы да ойға қонымды.
Дәулет Темірханов – тек құқық қорғау саласының майталманы ғана емес, спорт әлемінде де зор жетістіктерге жеткен азамат. Ол – қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионы, Қазақстанның құрметті спорт қызметкері, халықаралық дәрежедегі төреші және жаттықтырушы. Оның шәкірттері халықаралық спорт жарыстарында ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыруда.
Дәулет Әмірханұлының өмірі мен еңбегі – ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісі. «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабы – осы қаһармандықтың шынайы көрінісі. Бұл туынды Қазақстанның құқық қорғау саласының тарихындағы маңызды шежіре ретінде оқырман жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.