Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр өңірінде мәслихат депутаты тәртіп сақшыларымен кездесті

Сыр өңірінде мәслихат депутаты тәртіп сақшыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов облыстың барлық аудандарына арнайы іссапармен барды.

Іссапар барысында Әмірбек Шаймағамбетов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен жүздесіп, еліміздің тыныс-тіршілігі, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты.

Келелі мәселелер талқыланған кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына жолдауының басым бағыттарын түсіндірді.

– Жолдауды халық арасында түсіндірудің мәні зор. Себебі бұл құжатта қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын көтерудің нақты міндеттері айқындалған. Президенттің биылғы дәстүрлі жолдауы, әдеттегідей, бар саланы қамтыды, дейді депутат.

Әмірбек Шаймағамбетов жолдаудың еліміз үшін, халық үшін маңызы зор екенін айта келе, бүгінгі күні облысымызда осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.

Полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі де қозғалды. Қолға алынған шаралар туралы айтылды.

Кездесу соңында саналы өмірінің ұзақ жылдарын еліміздің құқық қорғау саласына арнап, өңірімізде қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан полиция қызметінің кәсіби маманы, бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер өмір жолын өнеге тұтқан тәртіп сақшыларына ақыл-кеңесін айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру