Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр өңірінде “Жолда қабылдау” акциясы нәтижелі өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері 13-14 күндері аралығында “Жолда қабылдау” акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Акция аясында полиция қызметкерлері азаматтарды қабылдап, түсіндіру шараларын жүргізді.

Аталған акция департаменттің әкімшілік полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі және көші-қон қызметі басқармалары мен қала, аудандық полиция бөліністері басшылығының қатысуымен облыстың халық көп шоғырланатын 10 аймағында ұйымдастырылды.

Тұрғындарға заң тұрғысынан көмек беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және полицияның ашықтығын көрсету мақсатында ұйымдастырылған бұл акцияның алғашқы күнінен-ақ полиция қызметкерлерінен облыстың көптеген тұрғыны құқықтық кеңес алды.

Тәртіп сақшылары “Жолда қабылдау” акциясын ұйымдастыру арқылы азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарына барынша жауап беріп, көмектесуге тырысты. Өңір тұрғындарын қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

“Жолда қабылдау” акциясының екі күнінде 3 мыңға жуық сұрақ түсті. Азаматтарды негізінен әкімшілік айыппұл төлеу, көлік құралын тіркеу, жүргізуші куәлігін беру мәселесі қызықтырды.

Екі күнге созылған республикалық акция нәтижелі өтіп, тұрғындардың түйткілді сұрақтарына жауап берілді. Қызылорда облысы полиция департаменті басшылығының айтуынша, барлық сұрақ бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру