Сырдария өзенінде электр токпен балық аулағандар ұсталды
Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулаған кезекті браконьерлерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 мамырда Отырар аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті полиция
қызметінің табиғатты қорғау полициясының инспекторы Айдос Камал Сырдария өзенінің жанында браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері Отырар ауылының
маңындағы жайылымда, тәртіп сақшылары Сырдария өзенінен электр тоғы арқылы
балық аулап жүрген екі күдіктіні ұстағанын анықтады. Айғақты заттар тәркіленіп
алынған екі күдікті ер адам Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. Браконьерлерден 15 келіге жуық балық пен балық аулау құралдары тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі (балық ресурстарын,
басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі
тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы баптың санкциялары 6 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.