Табиғатты қорғау полициясы 52 түрлі әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады
Жамбыл облысында «Браконьер» жедел- алдын алу іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылғы 12 қазан мен 11 қараша аралығында «Браконьер» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Мойынқұм АПБ табиғатты қорғау полициясы тобымен жойылып бара жатқан жануарлар мен балықтардың түрлерін жоюға жол бермеуге бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілді.
Мәселен, жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезеңінде 52 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
– заңсыз аң аулау ережелерін бұзудың 25 дерегі;
– заңсыз балық аулау ережелерін бұзудың 12 дерегі;
– қаруды сақтау және алып жүру ережелерін бұзудың 12 дерегі;
– құжатсыз қаруды заңсыз сақтау және алып жүру ережелерін бұзудың – үш дерегі.
Барлық әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 277 800 теңгені құрайды.
Сонымен қатар Мойынқұм ауданының полиция бөлімі қызметкерлері экологиялық полиция тобымен бірлесіп, кейбір жекелеген тұлғалардың заңсыз қазба жұмыстарымен айналысуының екі дерегін анықтады, жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Жамбыл облысының Экология басқармасына жолданды.
Сонымен бірге сексеуілді заңсыз кесудің бір дерегі анықталды, оған қатысты ҚР ҚК 339-бабының 1-бөлігі бойынша (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тәркіленген сексеуіл процессуальдық шешім қабылданғанға дейін Мойынқұм ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қоймасына сақтауға тапсырылды. Сондай-ақ биологиялық сараптамалар тағайындалды.