Тағдырлары бір салада тоғысқан тәртіп сақшылары
Отан алдындағы абыройлы міндет және отбасының бірлігі мен татулығын қатар алып жүру — жауапты іс. Бүгінде ішкі істер органдарында табысып, бір салада қызмет атқарып жүрген полицейлер жанұясы аз емес. Солардың бірі — Ақтау қаласы полиция басқармасында тағдырлары тоғысқан Алимхановтар отбасы. Polisia.kz редакциясы бірлігі жарасқан жас отбасы жайлы ақпарат ұсынады.
Полиция қызметкерлері Нұркен Альмаханұлы мен Гүлмира Сүйіндікқызы — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары.
Қазіргі таңда екеуі — бір отбасының тірегі мен ұйытқысы. Қызығы мен қиындығы қатар кездесетін жауапкершілігі мол саланы арқалап жүрген жас жұбайлар – кәсіби тұрғыдан да үлгі боларлықтай қызметкерлер.
Бала кезінен еліне қорған болуды мақсат тұтқан Нұркен Алимханов ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет атқарады. Ал өмірлік серігі – Гүлмира бұл қызметке 2019 жылы келді.
Жұмыстың маңыздылығына қарамастан, бүгінгі кейіпкерлеріміз уақыттарының басым бөлігін отбасымен өткізуге тырысады. Алайда қоғам тыныштығын үздіксіз күзетіп жүрген сақшылар үшін уақыт та тапшы.
– Бүгінгі халықаралық отбасы күні мейрамымен барша қазақстандықты құттықтаймыз. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке мен ырыс-ынтымақ тілейміз, – деп полиция қызметкерлері ақ тілегін білдірді.