Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талантты сарбаз: темірдей тәртіп пен қоңыр дауыстың үйлесімі

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы сапында сегіз қырлы бір сырлы сарбаздар жетерлік. Солардың бірі – 6679 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы Әлихан Медеуұлы. Көпшілік оны әйгілі диктор, Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевқа ұқсатады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қатардағы сарбаз бала күнінен кітап оқуға құмартып өскен. Білім-ғылымға ертеден әуес. Мектептен кейін Қарағанды теміржол колледжіне оқуға түсті. Ол жерде тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығын үздік дипломмен тәмамдаған.

Қарағандыдан әскер қатарына шақырылған ол қазіргі уақытта құқықтық тәртіп әскерінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Әскери қызметші Павлодардағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетумен, сондай-ақ сотталғандар мен тергеудегілерді айдауылмен алып жүрумен айналысатын бөлім құрамында қарауыл қызметін атқарады.

Қызмет барысында ұландықтың бойынан тәртіп, жоғары жауапкершілік және өзін-өзі жетілдіруге деген ынтасы айқын көрінеді.

Қаруластары мен командирлері Әлиханның нағыз жауынгерге тән қасиеттерінен бөлек, шығармашылық әлеуетін де айрықша атай алады. Ол анық дикциясы, мәнерлі сөйлеуі және әсерлі дауысымен ерекшеленеді. Әскери бөлімде өткізілетін қоғамдық және мәдени іс-шараларда оның үні жиі естіледі.

Сирек кездесетін дауысы, сөзбен баурап алу қабілеті және ісіне деген адалдығы үшін Әлиханды айналасындағылар құрмет тұтады.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан – тек тәртіп пен ерлік мектебі ғана емес, сондай-ақ таланттар ашылатын, армандар қанат қағатын орта. Оның айқын дәлелі – 5573 елордалық бригаданың  қатардағы жауынгері Батырхан Сағидолла. Ол дикторлық өнерге деген қызығушылығы мен әсерлі дауыс мәнері арқылы өз бөлімінде ғана емес, бүкіл ел көлемінде танымал болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру