Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғандық оқушылар полиция департаментінің мұражайына экскурсия жасады

Талдықорғандық оқушылар полиция департаментінің мұражайына экскурсия жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық Музей күніне орай Жетісу облысы полиция департаментінде 3-ші және 13-ші мектеп оқушыларына арналған арнайы экскурсия өткізілді. Балалар Жетісудың аңызына айналған милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтың құрметіне арнап жасалған бірегей мұражаймен танысты.

Жас қонақтар тарихи экспонаттарды көзбе-көз көріп, оның ішінде парадтық мундир, орден-медальдар және Ұлы Отан соғысы мен милитаристік Жапонияға қарсы шайқастардағы батырлық істеріне қатысты жеке заттарды тамашалады.

Экскурсияны тек жәдігерлерді ғана емес, әкесінің ерлігін бейнелейтін естеліктерді де сақтап келген генералдың қызы – музей жетекшісі Мадина Болсамбекова ұйымдастырды.

Полиция департаментінің басшылығы Мадина Болсамбекованы кәсіби мерекесімен құттықтап, патриоттық тәрбиеге қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Осындай мұражайлар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің бағасын түсінуге септігін тигізеді.

Көрме 1917 жылдан бүгінгі күнге дейінгі жүз жылдан астам тарихты қамтиды. Оқушылар алғашқы тәртіп сақшыларынан бастап, соғыс және бейбіт кезеңдегі полиция қызметкерлерінің ерлігі мен қазіргі қызметкерлердің мемлекеттік наградалармен марапатталған оқиғаларына дейінгі деректерді білді.

Экскурсия балалардың білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қоғамға қызмет ету, мундир абыройы мен азаматтық жауапкершіліктің мәнін тағы бір рет ұқтырды

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру