Талдықорған студенттері полицейлермен бірге нашақорлық мәселесін талқылады
Талдықорғанда полицейлер студенттермен, оқушылармен кездесіп, қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Агротехникалық колледжде Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында өткізіліп, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға бағытталды. Нашақорлық тақырыбы – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Полицейлер студенттерге есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес қалай жүргізілетінін, жастарды қылмыстық әрекеттерге тартудың қандай тәсілдері бар екенін және қылмыскерлердің айласынан қалай сақтануға болатынын түсіндірді.
Іс-шара барысында қатысушыларға есірткіні қолданудың адам өміріне тигізер зияны туралы және есірткіні жасырын таратудың соңы неге жеткізетінін түсіндіретін бейнероликтер көрсетілді. Әсіресе, өз қателігі үшін өкініш білдірген сотталған азаматтың сөзі студенттерге ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар қаладағы №17 мектепте де полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жастармен профилактикалық іс-шара өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, онда жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер — буллинг, қорқытып алу және кәмелетке толмағандар арасында жасалатын өзге де құқық бұзушылықтар туралы айтылды.

Әңгіме барысында полицейлер оқушыларға өзара құрмет көрсетудің, сыныптастардың жағымсыз ықпалына берілмеудің және зорлық-зомбылыққа немесе қысым көргендерге бей-жай қарамаудың маңыздылығын түсіндірді. Полиция қызметкерлері бір сәттік ойланбай жасалған әрекеттің адамның болашағына елеулі әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
