Талдықорған студенттеріне киберқауіпсіздік шарттары түсіндірілді
Талдықорған студенттеріне киберқауіпсіздік шарттары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжінде киберпол қызметкерлері студенттерге интернеттегі қауіптер мен алаяқтықтан қорғану тәсілдері туралы дәріс өткізді. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар өмірдің барлық салаларына енгендіктен, киберқауіпсіздік жастар үшін маңызды дағдыға айналып отыр.
Киберпол өкілдері студенттер жиі ұшырайтын интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері туралы айтты. Басты қауіптердің бірі – жеңіл табыс табу уәдесімен адамдарды қылмыстық схемаларға тарту. Алаяқтар студенттерді дроппер ретінде пайдаланып, оларды өздерінің банк шоттары арқылы ақша аударымдарын жасауға көндіреді. Нәтижесінде, мұндай адамдар қылмыстық іс-әрекеттерге қатысы бар тұлғалар ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Дәріс барысында полиция қызметкерлері шынайы жұмыс ұсыныстарын алаяқтық схемалардан қалай ажыратуға болатынын және киберқауіптерден қорғану шараларын түсіндірді. Негізгі кеңестердің қатарында – жеке деректер мен банк реквизиттерін бөтен адамдарға бермеу, күмәнді қаржылық операцияларға қатыспау және жұмыс берушінің сенімділігін алдын ала тексеру ұсынылды.
Сонымен қатар, жеке деректерді, парольдерді және әлеуметтік желідегі аккаунттарды қорғау тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Осындай ақпараттық іс-шаралар студенттерге киберқауіпсіздіктің маңыздылығын түсінуге және интернетте алған ақпаратқа сыни тұрғыдан қарау дағдысын дамытуға көмектеседі.