Талдықорғанда Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай велошеру ұйымдастырылды
Талдықорғанда Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай велошеру ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығында Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Талдықорған қаласының Өңірлік әйелдерді қолдау орталығы, дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп велошеру ұйымдастырды. Бұл велошеру осы маңызды тақырыпқа көпшіліктің назарын аударып қана қоймай, жаһандық зұлымдықпен күресу үшін күш біріктіру қажеттілігін еске салды.
2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін құрды, бұл күн 30 шілдеде БҰҰ халықаралық күндер жүйесінде атап өтіледі. Бұл күннің басты міндеті – адам саудасы құрбандарының жағдайы туралы хабардарлықты, олардың құқықтарын арттыру мен қорғау.
– Биыл БҰҰ “Адам саудасына қарсы күресте көмекке мұқтаж бірде-бір бала туралы ұмытпау” мәселесін белгіледі. Халықаралық бастаманы қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 30 мен 31 шілдеде “Адам саудасына қарсы күресте біргеміз” атты республикалық ақпараттық науқанын өткізуде, – деп атап өтті ПД ҰҚҚКБ жедел уәкілі Нұрғанат Нұрахметұлы.
Адам саудасы адам құқықтарын өрескел бұзу болып табылады және халықаралық заңнамада ауыр қылмыс болып саналады. Сарапшылардың бағалауы бойынша әлемде 2,5 миллионға жуық адам қазіргі құл саудагерлерінің қолында. Жыл сайын мыңдаған ерлер, әйелдер мен балалар өз елдерінде де, шетелде де саудагерлердің қолына түседі.
Профилактикалық акция барысында тақырыптық бейнероликтер көрсетілді, адам саудасы мәселесі және “116 16” сенім телефонының нөмірі туралы ақпарат таратылды, сондай-ақ құқықтық кеңестер мен басқа да іс-шаралар өткізілді.