Талдықорғанда "Бақытты отбасы – ел тірегі" атты спартакиада өтті
Талдықорған қаласында республикалық "Жасөспірім" алдын алу шарасы аясында және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың алдын алу, балалардың ата-ана қамқорлығын сезінуі мен отбасы ішіндегі өзара қолдаудың маңыздылығын арттыру мақсатында "Бақытты отбасы – ел тірегі" атты жанұяларға арналған спартакиадалық эстафета ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Жетісу облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып және басқа да басқармалардың қолдауымен өтті.
Спартакиадаға Талдықорған мен Текелі қалаларынан, сондай-ақ Ескелді, Көксу және Қаратал аудандарынан 6 отбасы және полиция қызметкерлерінен 3 отбасы қатысты. Қатысушылар түрлі спорттық кезеңдерде бақ сынасып, ұйымшылдық пен жанұялық берекенің үлгісін көрсетті.
Ойындар жоғары көңіл күйде, достық атмосферасында өтті. Эстафетаның қорытындысын әділқазылар алқасы шығарды. Олардың қатарында ішкі істер органдарының ардагері, облыстық психологиялық қолдау орталығының маманы, "Лидер КЗ" қоғамдық волонтерлік ұйымының жетекшісі, Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" директоры және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығының өкілі болды.
Жүлделі орындармен қатар, барлық жанұя елеусіз қалмады — әрқайсысына естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл спартакиада отбасы құндылықтарын насихаттап, қоғамда бірлік пен өзара қолдаудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды әрі әсерлі шара болды.