Талдықорғанда есірткіге қарсы түнгі профилактикалық іс-шара өтті
Талдықорғанда полицейлер жастар арасында есірткі заттарының таралуының алдын алу мақсатынды түнгі профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда "Заң және тәртіп" идеологиясы негізінде "Мен есірткісіз өмірді таңдаймын" атты түнгі профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі заттарының таралуына қарсы күрес және қауіпсіз әрі салауатты қала ортасын қалыптастыру.
Профилактикалық шараға полицейлер мен "Jetisu jastary" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің белсенділері қатысып, өскелең ұрпақты зиянды әдеттер мен теріс ықпалдардан қорғау жолында күш біріктірді.
Түнгі қала – өзіндік атмосферасы бар ерекше орта. Дәл осы уақытта жастарға қауіпсіздік пен саналы таңдаудың өмірдегі маңызын еске салу қажет. Полицейлер жасөспірімдер жиі жиналатын орындарды, саябақтар мен тұрғын аулаларды, ойын-сауық нысандарын аралап, тұрғындармен және кәмелетке толмағандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әңгіме барысында есірткінің зияны мен заң талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.
Жыл басынан бері Талдықорғанда кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз көшеде жүруінің 4069 фактісі, жасөспірімдердің ойын-сауық орындарына кіруінің 21 жағдайы және алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 40 дерек тіркелген.
Ұйымдастырушылар бұл — тек бақылау шарасы емес, бұл — қоғам қауіпсіздігін нығайту мен жас ұрпақтың денсаулығын сақтау жолындағы бірлескен қадам екенін атап өтті.