Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды шаралар өтуде

Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды шаралар өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрлық технологиялардың жедел дамуы мен онлайн кеңістікте жасалатын қылмыстар санының артуы жағдайында киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Талдықорғанда белсенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Талдықорған қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, медициналық ұйымдардың қызметкерлері арасында бірқатар түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шараларға ауруханалар, емханалар, диспансерлер, оңалту орталықтары және басқа да медициналық мекемелер қамтылды. Сонымен қатар ақпараттық жұмыс аталған мекемелерге келген тұрғындармен де жүргізілді.

Шара аясында интернет-алаяқтардан қорғану бойынша практикалық кеңестерді қамтитын бейнематериалдар көрсетілді. Қосымша QR-кодтар арқылы азаматтар пайдалы ресурстарға өту мүмкіндігіне ие болды. Таратуға арналған брошюралар мен жадынамалар да таратылып, полицейлер азаматтарға интернет алаяқтарының жиі қолданатын тәсілдері және олардан қалай сақтану керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Цифрлық байланыс арналарына да ерекше назар аударылды. Медициналық мекемелердің қызметкерлері мүшелік ететін WhatsApp топтарына фото және бейнематериалдар жіберіліп, олардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру көзделді. Бұл тәсіл ақпаратты кеңінен таратуға мүмкіндік берді.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда полицияға уақтылы жүгінуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру