Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда кадеттердің қатысуымен ауқымды акция өткізілді

Талдықорғандық кадеттер “Балалар – заң мен тәртіпті қолдайды!” атты акцияға қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласында №14 және №18 мектептерінің 50 кадетінің қатысуымен ауқымды акция өткізілді. Полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жас патриоттар қала көшелеріне шығып, заңды сақтау мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды. Акция “Балалар, құқық бұзушылыққа қарсы! Балалар заң мен тәртіпті қолдайды!” атты ұранмен өтті.

Кадеттер қала тұрғындарына үн қатып, ата-аналарға балаларды тәрбиелеу жауапкершілігін еске салды. Олар ата-аналардан кешкі уақытта балаларының қайда жүргенін қадағалап отырудың, сондай-ақ отбасындағы татулық пен өзара түсіністіктің маңыздылығын жеткізді.

Акция барысында жол қауіпсіздігі тақырыбына ерекше назар аударылды. Жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі айтылып, олардың қолына жүрек тебірентерлік үндеулер жазылған хаттар табысталды: “Анашым, жолда асықпа, әкешім екеуіміз үйде күтеміз!” “Әкешім, жолда асықпа, анашым екеуіміз үйде күтеміз!”

Кадеттер төрт топқа бөлініп, әрқайсысы өз бағыты бойынша жұмыс атқарды:

— базарлар мен сауда үйлерінде – халыққа бала тәрбиесіне жауапкершілік, интернет-алаяқтық, жеңіл дене жарақатын салу мен ұрып-соғу үшін қарастырылған шаралар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді;

— автобустар мен аялдамаларда – жолаушылар мен жүргізушілермен балалардың өміріндегі ата-ананың рөлі мен қауіпсіздік жайлы әңгімелер айтылды;

— қала көшелерінде патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге – жүргізушілерге жадынамалар таратылып, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызы ескертілді.

Бұл шара өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымының жарқын көрінісіне айналып, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда бірлескен жұмыстың маңыздылығын көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру