Талдықорғанда кәсіпкерден екі велосипед және гидроскутер ұрлаған күдікті қолға түсті
Талдықорғанда кәсіпкерден екі велосипед және гидроскутер ұрлаған күдікті қолға түсті. Шығын көлемі 2,7 млн теңгені құрайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласының полицейлері екі қымбат велосипед пен гидроскутерді ұрлады деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстап, қамауға алды.
Жақында жергілікті кәсіпкерлердің бірі жеке үйінен мүлік ұрланғанын айтып, Талдықорған қаласының полиция басқармасына арызданды. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын шамамен 2,7 млн теңгені құрайды. Белгілі болғандай, бірнеше күн ішінде қала тұрғынының екі велосипеді мен гидроскутерін белгісіз адам ұрлап кеткен. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасы арқылы күдіктіні анықтап, ұстай алды.
– Ол 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұрланған гидроскутер мен велосипедтердің бірі табылып, заңды иесіне қайтарылды. Күдікті екінші велосипедті сатып үлгерген, оны іздеу әлі жалғасып жатыр, – дейді Талдықорған қаласы ПБ бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.
Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.