Талдықорғанда кибералаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр
Талдықорғанда кибералаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мерекелік күндер артта қалса да, алаяқтардың белсенділігі төмендемеген жоқ. Керісінше, олар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып, адамдардың сенімін және заманауи технологияларды пайдаланады. Сондықтан қылмыстың алдын алу құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Талдықорғанда адамдар көп жиналатын орындарда киберполиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара өткізді. Құқық қорғау органдары сауда-ойын-сауық орталықтары мен қаланың орталық көшелерін аралап, алаяқтықтың ең көп таралған түрлері туралы ескертулер жазылған ақпараттық брошюраларды таратты.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты — халықты ақпараттандыру. Азаматтар алаяқтардың айла-тәсілдері туралы неғұрлым көп білсе, қылмыскерлердің өз ойларын іске асыру мүмкіндігі соғұрлым азаяды. Сонымен қатар полицейлер банкоматтардың маңында полиция қызметкерлерінің макеттері орнатылғанын еске салды. Ондағы QR-кодты сканерлеу арқылы әрбір адам алаяқтықтан қорғану жолдары және күмәнді жағдайларда қандай әрекет жасау керектігі туралы өзекті ақпарат ала алады.
Жетісу облысы аумағында алаяқтық пен кибералаяқтықтың алдын алу жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Полицейлер азаматтарды сақ болуға, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады. Қауіпсіздік әр адамның сақтығынан басталады.
