Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің ұрлығы бейнебақылау камерасына түскен

Полицейлер автокөліктен қолды болған нөмірлік белгілерді тауып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

 8 қыркүйекте Талдықорған қалалық ПБ Шығыс ҚПБ кезекші бөліміне Қаратал шағын ауданының 28 жастағы тұрғыны арызданып, темір тұлпарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің ұрланғанын хабарлаған. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жедел іздестіру шаралары барысында із кесушілер қылмысқа қатысы бар күдіктіні жылдам анықтап, одан түнде қолды болған нөмірлерді тәркіледі.

– Ұсталған 28 жастағы облыс орталығы тұрғынының айтуынша, ол ұрлықтың не үшін және қандай мақсатта жасалғанын білмейді. Өйткені, сол сәтте ол мас болған. Ол жымқырып кеткен нөмірлерді үйіне алып барған және полицейлер үйінен оларды тауып, тәркіледі, – деді Талдықорған қалалық ПБ Шығыс ҚПБ бастығының орынбасары Бақытжан Төлеген.

Қазіргі уақытта көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі заңды иесіне қайтарылды.

– Бұл қылмысты ашу барысында біздің жас қызметкер, Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Молдахмет Райымбек ерекшеленді. Ол бейнебақылау камерасының бейнежазбаларын зерделеп, күдіктіні анықтап, ұстады, – деп атап өтті полиция өкілі.

Тергеу аяқталғанға дейін күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру