Талдықорғанда Мемлекеттік рәміздер күні мен "Динамоның" мерейтойына арналған велошеру өтті
Талдықорған қаласында елдік пен спортты ұштастырған ауқымды велошеру өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мен "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналды.
Жетісу облысы полиция департаментінің 70-тен астам қызметкері қатысқан бұл велошеру — патриотизм мен салауатты өмір салтын дәріптеудің жарқын үлгісі болды. Қатысушылар қала көшелерімен жүріп өтіп, спорттық серпінмен қатар мемлекеттік рәміздерге деген құрметті паш етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошерудің басты мақсаты — күштік құрылымдар арасындағы ынтымақты нығайту, азаматтық рухты көтеру және жастарға үлгі көрсету. Бұл бастама қоғамның денсаулығына, белсенді өмір салтына және ұлттық құндылықтарға деген құрметке үндейді.
"Динамо" спорт қоғамы ғасырлық тарихында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің спорттық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Ал шараның дәл Мемлекеттік рәміздер күнімен үндесуі — ұлттық нышандарға деген зор құрмет пен елдік сананың айғағы.
Мерекелік велошеру — "Динамо" қоғамының мерейтойына арналған кешенді іс-шаралар топтамасының бір бөлшегі. Қала тұрғындары мен қатысушылар тарапынан кең қолдауға ие болған шара, спорт пен отансүйгіштікті біріктіретін мазмұнымен есте қалды.