Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда оқушылармен профилактикалық кездесу өтті

Талдықорған қаласындағы №10 орта мектепте полиция қызметкерлері мен Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара жасөспірімдер арасында жеке қауіпсіздік пен құқықтық жауапкершілікке саналы көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ оларды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға бағытталды.

Кездесу барысында оқушыларға есірткі заттарының адам денсаулығына, оның ішінде физикалық және психикалық жағдайына тигізетін орны толмас зияны түсінікті әрі нақты мысалдар арқылы жеткізілді. Тәуелділіктің адам тағдырын қалай күйретіп, болашақ мүмкіндіктерден айыратыны ашық айтылды. Сонымен қатар интернет кеңістігінде жиі кездесетін "жеңіл табыс" уәделерінің астарында тұрған "жасырын таратушылардың" әрекет ету тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі - құқықтық жауапкершілік мәселесі болды. Оқушыларға есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген әрекет ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны, жасына немесе ниетіне қарамастан заң алдында жауап берілетіні түсіндірілді. Сондай-ақ "білмедім" деген уәждің жауапкершіліктен босатпайтыны нақты атап өтілді.

Ақпараттың әсерін күшейту мақсатында оқушыларға есірткіге тәуелділіктің қайғылы салдары мен адам тағдырларының күйреуін бейнелейтін тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын арбау тәсілдерін түсіндіріп, цифрлық сауаттылықтың, сыни ойлаудың және интернеттегі қауіптерді дер кезінде танудың маңызын атап өтті.

Кездесу барысында басты ой айқын жеткізілді:

- Есірткі — бостандық та, жеңіл табыс та емес. Ол денсаулықты, болашақты және өмірдің өзін тартып алады. Бұл жолдағы әрбір қадам — өзіңді жоғалтуға бастайтын қадам, - деп үндеу жасады полиция қызметкерлері.

Іс-шара соңында "ашық микрофон" форматында еркін пікір алмасу өтті. Оқушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті, ал мамандар тарапынан нақты әрі кәсіби жауаптар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру