Талдықорғанда полицейлер әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды
Талдықорған қаласында полицейлер ұйымдастырған әлеуметтік эксперимент көпшілікті ойландырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасы деген сөз әр адам үшін нені білдіреді? Байлық па? Жылулық пен сенімділік пе? Осы сауалға жауап іздеген тәртіп сақшылары қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде эксперимент жүргізді.
Жастардың алдына таңдау қойылды: көлік, үй, саяхат немесе отбасы. Алғашқы сәтте ұйымдастырушылар жасөспірімдер жылтыр көлікті немесе шетелге саяхатты таңдайды деп ойлаған. Бірақ нәтиже күтпеген болды – қатысушылардың басым бөлігі ойланбастан отбасыны таңдады.
— Отбасы – әрқашан жанымнан табылатын адамдар. Ақша да, қымбат зат та болмаған сәтте олар сені ешқашан тастамайды, — деді қатысушылардың бірі.
— Мен үшін нағыз байлық – материалдық дүние емес. Отбасы – мені бақытты ететін ең үлкен құндылық, — деп бөлісті тағы бір жас.
Бұл жауаптар жастардың жүрегінде дұрыс түсінік қалыптасқанын айқындады: нағыз байлық – ақшада емес, ең жақын адамдарда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эксперименттің мақсаты – тек жастардың пікірін білу ғана емес, қоғамға тағы бір мәрте отбасының маңызын еске салу болды. Себебі отбасы – тұрақтылық пен табыстың негізі.
Әсерлі эксперимент бейнероликке түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен, сіздің таңдауыңыз қандай болар еді: сән-салтанат па әлде отбасы ма?