Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда полицейлер кәмелетке толмаған жүргізушіні қолға түсірді

Талдықорғанда полицейлер кәмелетке толмаған жүргізушіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 қарашада түнгі сағат 03:00 шамасында Талдықорған қаласының патрульдік полиция қызметкерлері облыс орталығы көшелерінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Mitsubishi Pajero автокөлігін тоқтатпақ болды. Аталған көлік жоғары жылдамдықпен қозғалып, Қабанбай батыр көшесі бойында бірқатар қауіпті маневрлер жасаған.

Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған жүргізуші жылдамдығын арттырып, қашуға әрекеттенген. Патрульдік экипаж дереу қуу әрекетін бастап, бағыт-бағдар мәліметін басқа нарядтарға жеткізді. Бірнеше минутқа созылған қуу барысында көлік көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында бөгеліп, тоқтатылды.

Тексеру кезінде рөлде 2009 жылы туған, көлік басқару құқығы жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім отырғаны анықталды. Жасөспірімді дереу бөлімшеге жеткізіп, оның заңды өкілдеріне хабарланды. Автокөлік арнайы айыптұраққа эвакуацияланды.

Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару фактілері бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына кәмелетке толмағанның түнгі уақытта қараусыз жүруі және ата-аналық міндетін тиісінше орындамауы бойынша материал толтырылды.

Одан бөлек, жасөспіріммен бірге болған үш кәмелетке толмаған досының да анықталғаны белгілі болды. Олардың да ата-аналарына балалардың түнгі мезгілде заңды өкілдерінің қарауынсыз жүргені үшін тиісті шаралр қабылданды.

Полиция ата-аналарға балаларыңыздың жүрген жерін қадағалап, түнгі уақытта қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ көлікті басқаруға рұқсаты жоқ күйде жолға шықпауын қамтамасыз етуді ескертеді. Бұл – қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алудың басты шарты. Қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігінің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру