Талдықорғанда полицейлер өрт кезінде тұрғындарды құтқарды
Талдықорғанда өрт кезінде тұрғындар құтқарылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданында бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде өрт шықты. Жедел қызметтердің үйлесімді әрі батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.
Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының үш экипажы жедел жетті. Екі экипаж аумақты қоршауға алып, аула мен подъездегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен бірлесіп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды.

Эвакуация барысында патрульдік полиция ротасының қызметкері Нұрбек Төлебеков бесінші қабатта қою түтін ішінде адамдар қалуы мүмкін екенін байқаған. Ол әріптесі — патрульдік полиция ротасының қызметкері Нұрғиса Акматовпен бірге дереу бесінші қабатқа көтерілді.
Түтінге толы жерде ер адам мен балалар болған. Полиция қызметкерлері түтін әрмен қарай тарап кетпес үшін есікті жауып, отбасын қауіпсіз жерге шығарды. Балаларды полицейлер қолдарына көтеріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.

ТЖД-ның өрт сөндіру бөлімшелері өртті жедел түрде оқшаулап, толықтай сөндірді.
Полиция мен құтқару қызметкерлерінің батылдығы, кәсібилігі және нақты үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде адамдар құтқарылды. Зардап шеккендер жоқ. Барлық эвакуацияланған тұрғын медициналық тексеруден өту үшін Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.
