Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда полицейлер өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарып қалды

Талдықорғанда полицейлер өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кешкі уақытта полицейлерге көршілердің шулағаны туралы хабар түскен. Хабар түскен бойда шақыру бойынша қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің полицейлері Темірлан Қажыханұлы мен Мақсат Сейтберлі оқиға орнына аттанды. Тәртіп сақшылары "Жастар-3" ықшамауданына келген сәтте, үйлердің бірінің шатыры отқа оранғанын байқады. Көршілердің айтуынша, үйдің ішінде ер адам болған.

Полиция қызметкері Темірлан Қажыханұлы үйдің шатырына көтеріліп, қою түтін мен жалын арасынан ер адамды байқады. Тұрғынды қолына көтеріп алып, өртеніп жатқан шатырдан секіріп түсті.

Әрбір секундтың қымбат екенін түсінген полицей жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер келгенше ер адамның жағдайын бақылауда ұстады. Оның батыл әрекетінің арқасында бір адам өмірі аман қалды.

Полицей жеңіл түрде түтіннен уланса да, ауруханаға жатудан бас тартып, қызметін жалғастыруды жөн көрді. Тілсіз жаудан аман қалған ер адам қазір дәрігерлердің бақылауында. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Бұл оқиға – жай ғана батылдықтың көрінісі емес. Бұл – адал борыштың, ерліктің және халыққа қызмет етудің нағыз үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру