Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда полицейлер Ұлы Отан соғысының ардагерін арнайы құттықтады

Талдықорғанда полицейлер Ұлы Отан соғысының ардагерін арнайы құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайыновты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтауға арналған тағылымды шара өтті.

Құттықтауға арнайы келген Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров ардагерге полиция департаментінің алғыс хатын табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды.

Ардагердің үйі маңында ұйымдастырылған салтанатты рәсімге 5514 әскери бөлімнің оркестрі мен “Жас сақшы” кадет сыныбының оқушылары қатысты. Қолдарына “Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды” және “Ер есімі – ел есінде” деген жазуы бар тақтайшалар ұстаған кадеттер жауынгерлік рух пен құрметтің үлгісін көрсетті. Мерекелік кештің әсерлі сәттерінің бірі домбырамен орындалған “Елім-ай” әні болды.

Шара соңында барлық қатысушы ардагермен бірге естелікке суретке түсіп, жеңіс рухын ұлықтаған сәтті мәңгі есте қалдырды.

Бұл тағзым — кейінгі ұрпақтың ардагерлерге деген құрметінің, ел тыныштығы үшін жанын қиған ерлерге деген мәңгілік алғысының жарқын көрінісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру