Талдықорғанда полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған акция ұйымдастырды
Талдықорғанда полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға жол ережелерін сақтау қажеттігін еске салу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Акция барысында тәртіп сақшылары тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге, соның ішінде жол қозғалысына қатысатын балаларға да ерекше назар аударды. Полицейлер көлік жүргізушілерін тоқтатып, ақпараттық парақшалар таратты, ережелерді түсіндіріп, қауіпсіздік тақырыбында ескерту жұмыстарын өткізді.
Балаларға ерекше көңіл бөлінді. Оларға жол жиегінде ойнаудың қауіптілігі туралы айтылып, жолды дұрыс кесіп өту ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, жолда мұқият болу мен сақтықтың маңыздылығы да жеткізілді.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтарды азайтып қана қоймай, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтады. Жол ережелерін есте жаңартып отыру – әр адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер етеді.