Талдықорғанда полиция бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты заң талаптарын түсіндіруде
Талдықорғанда полиция бет-жүзді жабатын киімдерге қатысты заң талаптарын түсіндіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарға жаңа заң нормаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
2025 жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салынды. Бұл талап ең алдымен қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заңнамаға сәйкес тыйым барлық жағдайға қатысты емес. Бетті жабуға мынадай ерекше жағдайларда рұқсат берілген: қызметтік міндетін атқару кезінде – дәрігерлер, құрылысшылар, полицейлер және өзге де мамандардың қорғаныс құралдарын пайдалануына; медициналық себептермен – бетперде тағуды қажет ететін жағдайда; төтенше жағдайлар кезінде – табиғи апат, өрт немесе техногендік төтенше жағдайдан қорғану мақсатында; ауа райының қолайсыздығына байланысты – қатты суықта немесе шаңды боран кезінде; спорттық және мәдени шараларда – театрландырылған қойылымдар, спорттық жарыстар мен мерекелік костюмдерде.
Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, саябақтарда, көшелерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Әрбір азаматқа заңның мазмұны түсіндіріліп, адамның бет-жүзін тұмшалайтын киімдер мен аксессуарларды (толық жабық маска, капюшон және т.б.) қоғамдық орындарда пайдаланудың құқықтық салдары туралы ескертілуде.
ІІМ мәліметінше, жаңа ереже профилактикалық сипатқа ие. Яғни, алдымен азаматтарға түсіндіру шаралары жүргізіледі. Тек полицияның заңды талабына қасақана бағынбаған жағдайда ғана қолданыстағы заң баптарына сәйкес жауапкершілік көзделеді. Полиция қызметкерлері атап өткендей, бұл талап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу емес. Керісінше, қоғамда тыныштықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданған кешенді шаралардың бірі саналады.