Талдықорғанда полиция мен жастар қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтті
Талдықорғанда полиция мен жастар қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері өңір аумағында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Кезекті түнгі рейд Талдықорған қаласында "Jetisu jastary" жастар қозғалысының өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Түнгі профилактикалық жұмыстар барысында заң талаптарының сақталуына, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтарға жол бермеуге ерекше назар аударылды. Нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта компьютерлік клубтарда болуына жол бергені үшін екі компьютерлік клуб әкімшісі жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар төрт ата-ана балаларының түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату қағидаларын бұзу деректері анықталды: үш сауда нысанының иесі сағат 23:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері аталған шаралардың жазалау мақсатында емес, алдын алу бағытында жүргізілетінін атап өтті.
Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе жастармен жүргізілетін жұмысқа басымдық берілуде, себебі олар белсенді демалысқа ұмтылып, кейде өз әрекеттерінің салдары мен болашағына әсерін ескере бермейді. Осындай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
