Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда синтетикалық есірткімен ұсталған күдікті қамауға алынды

Жетісу облысында есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтап, оның жолын кесу бағытында кезекті арнайы операция сәтті жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласында Көксу ауданының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде күдіктінің үстінен қара изолентаға оралған 20 zip-пакет табылып, олардың ішінен жалпы салмағы 39 грамнан асатын синтетикалық каннабиноид тәркіленді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, күдікті қамауға алынды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу түріндегі жазаға әкеп соғады.

Құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін заң бұзушылар үшін жаза қатаң әрі бұлтармас екенін ескертеді.

Есірткі – қазіргі қоғамның ең ауыр дерті. Ол әсіресе жастардың болашағына балта шауып, өмірін құрдымға жібереді. Сондықтан полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен күресті өз қызметінің басты басым бағыты ретінде жалғастырып келеді.

Полиция азаматтарды қырағылық танытуға және есірткі айналымына қатысты кез келген дерек туралы дереу хабарлауға шақырады. Тек қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен күшімен ғана осы қауіпті індеттің таралуына тосқауыл қоюға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру