Талдықорғанда төленбеген айыппұлдары бар жүргізуші анықталды
Талдықорған қаласында жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Қауіпті жүргізуші" жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
11 желтоқсанда патрульдік полиция ротасының қызметкерлері "Qorgaу" мобильді қосымшасының көмегімен OMODA автокөлігін тоқтатты. Көлікті 46 жастағы қала тұрғыны басқарған.
Тексеру барысында бұл автокөлікке 2024–2025 жылдары жалпы сомасы 3 569 572 теңгені құрайтын 124 төленбеген әкімшілік айыппұл рәсімделгені анықталды. Жүргізуші айыппұлдардың көбін көлікті жиі мінген балаларының әрекеттерімен байланыстырған. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдарды уақытылы төлеу және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша міндет көлік иесінің өзіне жүктеледі.
Әкімшілік кодекстің талаптарына сай автокөлік Талдықорған қаласының арнайы тұрақ алаңына қойылды.
Облыстық полиция қомақты қарыздары бар көлік құралын басқару, сондай-ақ айыппұлдарды өтемеу – заң талаптарын өрескел бұзу екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер жүргізушіге қатысты қосымша құқықтық шаралардың, соның ішінде жүргізу құқығын шектеу мен көлік құралын эвакуациялаудың қолданылуына алып келуі мүмкін.
Заң мен тәртіпті сақтау – қоғамдық қауіпсіздік пен жолдағы тәртіптің басты алғышарты. Полиция азаматтарды жауапкершілік танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
