Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда “Жас сақшы” кадеттері кинология қызметімен танысты

Талдықорғанда “Жас сақшы” кадеттері ЖҚАЖ бен кинологтар қызметімен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда орналасқан оқу-жаттығу базасында “Жас сақшы” кадеттері еліміздің қауіпсіздігі қандай тәртіп пен қажырлы еңбекпен қамтамасыз етілетінін өз көздерімен көріп қайтты. Бұл күні жас Отан қорғаушылар үшін кәсіби шеберлер — ЖҚАЖ жауынгерлері мен кинологтардың әлемі ашылды.

Алдымен кадеттер жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жаттығу барысын бақылады. Жауынгерлердің найзағайдай жылдам әрекеттері, нақтыланған қимылдары мен қолдарындағы жауынгерлік қару — бәрі де оқушылардың қызығушылығын тудырды. Жас қатысушыларға тек физикалық жаттығулар емес, сонымен қатар төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажет тактикалық тәсілдер де көрсетілді. 

Кадеттер үшін ерекше әсер қалдырған экскурсия — кинологтар базасына сапар болды. Мұнда олар қызметтік иттердің қалай тәрбиеленіп, қандай жағдайда жаттығатынын, олардың тыйым салынған заттарды іздестіру және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы рөлін білді. Ақылды да тәртіпті иттермен тікелей қарым-қатынас жасау жасөспірімдердің есінде ерекше сәт болып қалды.

“Жас сақшы” кадеттерінің полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылауы – жай экскурсия емес, нағыз ерлік, жауапкершілік пен кәсібилік сабағы болды. Бұл кадеттер – болашақтың құқық қорғаушылары, ал бүгінгі күн олардың Отанға қызмет ету жолындағы маңызды баспалдағына айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру