Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары "Капитан Байтасов" фильмін тамашалады

Талдықорғанда полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған "Капитан Байтасов" фильмнің көрсетілімі өтті. Көрсетілімге белсенді жасөспірімдер мен "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Фильмнің сюжеті 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған оқиғаға негізделген. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов террористі тоқтату кезінде өз өмірін қатерге тігіп, көптеген бейбіт тұрғынның өмірін сақтап қалды. Батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Бұл туынды тек көркем фильм ғана емес, тәрбиелік мәні зор рухани сабақ іспетті. Капитан Байтасовтың өмір жолы арқылы Отанға қызмет ету — тек кәсіби міндет емес, бұл — адам өмірінің басты мұраты екенін көрсетеді. Қысқа ғұмырында ол өз борышына адал болып, ел алдындағы антына соңына дейін берік болды.

Батырдың ерлігі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болып, нағыз ерлік пен отансүйгіштік — елге деген махаббат пен оны қорғауға дайындықтан туындайтынын еске салады. Фильм тек қайғылы оқиғаны суреттемейді, ол әр азаматтың абыройы, ар-намысы мен жауапкершілігі туралы терең ой тудырады.

Мемлекет Президенті атап өткендей, "Заң мен тәртіп" пен "Адал азамат" қағидалары қоғамның рухани тірегі саналады. Бұл — адалдық, батылдық және Отанға беріктік сияқты ұлттың басты құндылықтарын бейнелейді. Мемлекеттің күші — заң мен тәртіпте, ал ұлттың тұрақтылығы — оның азаматтарының адалдығы мен жауапкершілігінде.

Көрсетілім соңында қатысушылар батырдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жас көрермендер өз әсерлерімен бөлісіп, фильмнің өмірдің мәні, қызмет ету парызы және шынайы азаматтың бейнесі туралы терең ойға жетелегенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру